You are currently viewing Нарымбетов Төрехан Қанатұлының ұсынысы

Нарымбетов Төрехан Қанатұлының ұсынысы

Армысыздар, ардақты ағайындар, қадірлі отандастар,

Осындай келелі басқосуды ұйымдастырған атажұрттағы атпал азаматтар мен «Отандастар қоры» ұжымына алғыс айта отырып, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының Науаи облыстық бөлімі атынан бір-екі ұсыныс пікірлерді білдірсем деп едім.

Баршамызға мәлім, 2019 жылдан бері шетелдегі қандастармен байланыс орнату, атажұртқа баулу арқылы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуда «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ауқымды істер мен шаралар атқарды.

Бұл ұйым шетелде шараларға қатысып қоймай, 2019 жылдан бері жүзеге асқан 19 жобаның 14 жобасына тікелей қатысып, шығармашылық байқаулар, жастар экскурциялары, түрлі конкурстар, өнер иелері, ақын жазушылар үшін фестивальдар мен форумдар ұйымдастырып, қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтары мен ең бастысы тілін сақтауға бағытталған шараларға науаилық 1000-нан астам қазақтар атсалысты. Біз Науаи облысы қазақтары оның куәсі, сондай-ақ тікелей қатысушысы болдық.

Осы орайда Отандастар қорының жұмысына сәттілік тілеп, алдағы 2024 жылғы жоспарына ұсыныстарымды білдірмекшімін. Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған Билер кеңесінің мүшесі, атақты шешен, Кіші жүздің төбе биі, “Жеті жарғы” деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі – Әйтеке би Бәйбекұлы мазары Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата қаласында орналасқан.

Қазақ халқының ұлы биі, қоғам қайраткері Әйтеке би Байбекұлының 380 жылдығы 2024 жылы өтеді. 2023 жылдың мамырында Науаи облысының Науаи қаласында, Нұрата қаласында жергілікті билік органы қолдауымен Әйтеке бидің 379 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде мерекеленді. Осы айтулы датаға Қазақстан Республикасының Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Тараз, Шымкент пен Қарағанды өңірлерінен ұрпақтары барып, баба бейітіне зиярат жасап, мәдени-көпшілік шараның тартымды өтуіне қолдау көрсетті. Бұл үшін біз ел ағаларына алғысымызды айтамыз. Сондай-ақ Әйтеке баба мерейтойы Қазақстан Республикасының Қызылорда обылысында да жалғасын тауып, ұрпағы Өтебастың мерейтойы 2023 жылдың август айында кеңінен тойланды.

Осы орайда ұсынысымыз қос халыққа ортақ бабамыз Әйтеке бидің келер 2024 жылы болатын 380 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі ортақ мемлекетаралық комиссия құрылса, бұдан бөлек, мерейтойдың жоспары бекітілсе деген ұсынысымыз бар.

Нұрата қаласында Ортағасырлық архитектуралық үлгіде салынып, 2009 жылы салтанатты түрде ашылған кесененің биіктігі 11, қабырғаларының қалыңдығы 1,5 метрді құрайды. Әйтеке би қабірінің жанында оның бабасы Сейітқұл әулиенің де зираты бар. Сейітқұл әулие, Жалаңтөс батыр және Әйтеке биге арнап салынған осынау кешеннің жалпы аумағы алты гектарды алып жатыр. Мұнда зиярат етушілер мен туристер үшін мамыр айында мерекелік шараны кеңінен атап өтсек, қос халық ортасындағы бекітілген мәдени-гуманитарлық меморандумдарға сәйкес және бүгінгі форум аясындағы ортақ келісімге сәйкес Әйтеке бидің 380 жылдығын Өзбекстан мен Қазақстанда, сондай-ақ ТҮРКСОЙ (Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы) аясында тойлау мәселесі пысықтасақ деген ұсынысым бар.

Құрметпен, Өзбекстан қазақ мәдени орталығы Науаи облысы бойынша төрағасы – Нарымбетов Төрехан Қанатұлы