You are currently viewing Моңғолиялық шежіреші, этнограф Жанарбек Ақбидің ұсынысы

Моңғолиялық шежіреші, этнограф Жанарбек Ақбидің ұсынысы

Армысыздар ағайын!

Ең алдымен осындай шетелдегі қандастарымыздың басын қосып, етек-жеңімізді жинақтап, келешектегі келелі істеріміз туралы кеңесуге мүмкіндік жасаған, керемет шараны ұйымдастырған «Отандастар қорына» Моңғолия қазақтары делегациясының атынан Қоғам Президенті Абзал Сапарбекұлына, оның қызметкерлеріне үлкен алғысымызды білдіреміз.

Уақыттың тығыздығын ескере отырып, бірнеше ұсыныстарымды айтайын.

  1. Шетелдерде қазақ халқының тарихына байланысты жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, ескерткіштер туралы шежіре, ескі суреттер баршылық. Соларды осындағы Ұлттық музейден шетел қазақтарының тарихына арналған жеке музей ашылуы керек деп ойлаймын.  Әрине, шекарадан жәдігерлерді өткізу қиын, дегенмен оның да жолын ойластырып көруге болар еді.
  2. Шетел қазақтарының да өзіндік өрнекті ән-күйлері, жыр-өлеңдері, музыкалық шығармалары бар. Сондықтан шетелдегі  қазақ ән-күй, жырларынан шетелдік және қазақстандық орындаушылармен бірге Атамекенде сайыстар, фестиваль, конкурстар өткізу қажет деп есептеймін.
  3. Шетелдегі қазақтар арасында қаншама батыр тұлғалы, қол бастаған ер азаматтар, мемлекеттік қызметтерде көзге түсіп, ұлтжанды әрі жергілікті халықтың мақтанышына айналған қандастарымыз баршылық. Атап айтқанда, Моңғолияда 22 жыл құрылыс министрлігін басқарған Тілейхан, Баян-Өлгей аймағын құруға атсалысқан Жеңісқан Дүзелбай тәрізді аға буын, ағаларымыз бен апаларымыз бар. Ол кісілерге жергілікті жерлерде ескерткіштер, естелі тақталар ашылған. Осындай ел қамын ойлаған шетелдегі боздақтар қаншама. Сол кісілердің тізімін жасап, Қазақстанда да естеліктер ашылып, көше аттары берілсе, аруақтар риза, ел риза болар еді.
  4. Шетелдегі қазақ бауырларымыздың елге қайтуына кедергілердің бірі – олардың қазақ екендігін дәлелдейтін деректердің жоқтығы. Осы орайда шетел ғалымдарының, саяхатшыларының қазақтар жайлаған жерінде саяхаттап жүрген кезінде сол жердегі бейіт, молалардың, тарихи ескерткіш, обалардың тұрған жерлерін анықтап, суретке түсіріп, қағазға жазып кеткені бар еді. Осы бір деректерді жинастыруға өзінің зерттеу жұмыстарында «Отандастар қоры» пайдаланса деген ой. Сонымен қатар қазақ, ру шежіресі, өз аталарының атауларын білуі, соңғы жылдардағы жаңа ғылыми технология – генетикалық әдістерді де пайдалану қажет деп есептейміз. Осы орайда «Отандастар қоры» жанынан шетелдегі қазақтардың тарихы, мәдени-рухани мұрасын зерттейтін шетелдік қазақ зерттеушілерімен бірлескен «Халықаралық Ғалымдар Ассоциациясын» немесе Комиссия құруды ұсыныс етемін.
  5. «Отандастар қорының» жазғы балалар лагерь жобасын көріп қатты қызықтым. Сонымен қатар осы лагерьлерде шетелде қазақ тілін мен әдебиетін, физика мен химия, математика мен биология тәрізді пәндерді  оқытып жүрген мұғалімдерге де өз біліктілерін арттыру мақсатында ересектерге арналған пәндік-әдістемелік жазғы семинар өткізсе де болар еді. Олар бір жағынан өздерімен келген балаларға бас-көз болып, екінші жағынан өз біліктілігін арттыруға мүмкіндік алар еді деп пайымдаймын.

Моңғолияның Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жазушы, шежіреші, этнограф  Жанарбек Ақби